Кеш мезгіл, келе жатты екі кісі,
Сөйлесіп, кеңесерлік болып ісі.
Арсылдап бір ит шығып қақпа астынан,
Бөлінді екеуінің әңгімесі.
Жүгірді және бір ит соны көріп,
Артынан тағы ит шықты оған еріп.
Жиылды сол арада қырық елу ит,
Бірінің даусын естіп, бірі келіп.
Біреуі жүргіншінің сонда тұрып,
Ойлады қуалауға таспен ұрып.
Жолдасы жанындағы оған айтты:
Қарама, не қыласың мойын бұрып.
Өшігер олар қайта мұнан жаман,
Тыймассың кесек атып, лақтырып.
Үндемей жайымызға жүре берсек,
Өздері қояр әлі үріп-үріп.
Бұл сөзді екеуі де қабыл етті,
Иттерден қырық елудей қадам өтті.
Басылып бірте бірте дауыстары,
Кешікпей алды-алдына тарап кеті.
Тағы да бір сөз айтар келді ретім,
Жаратқан түрлі мінез құдіретім!
Біреудің малын яки бағып күндеп,
Күншілдер жоқ па шулап итше үретін.
* * * * * * * * *
Күндесін, шуылдасын, қылсын өсек,
Етпелік сөйлеп жүр деп сөзін есеп.
Иттердей үріп-үріп тарап кеткен,
Қояды шулап-шулап, үндемесек.
(Міржақып Дулат ұлы.)